Білетіндер галстуксіз, еркін форматтағы кездесулер ХХ ғасырда ғана бүкіл ғаламдық сипат алып, бар болмысымен танылды деседі. Бұл жайлы күнделікті басылым беттерінде 1986 жылдардың орта шенінде айтыла бастады. Дәлірек айтсақ, 1986 жылы 8 қазан күні КСРО-ның ірге тасы шайқала бастаған кезде КСРО ОК Бас хатшысы М. Горбачев пен АҚШ Президенті Рональд Рейганның – Рейкьявикте, ашық теңізде яхта үстіндегі кездесуі еркін форматта өтті. Көпшілік алдына жеңіл жейдешемен шығудан Горбачев та, Рейган да қысылмады. Әлем КСРО басшысының қарапайым адами бейнесін, оның қажет кезде жейде мен спорттық үлгідегі шалбар киюден қысылмайтынын алғаш рет көрді. Кейінірек бұл кездесу жайлы Голливудте фильм де түсірілді. Фильмде Рейганның рөлін – 67 жастағы Майкл Дуглас, КРСО президентінің рөлін аты-жөні белгісіздеу голливудтық әртіс сомдаған.
Тарихшылар бұл келіссөздер «қырғи-қабақ соғыс» дәуірінің аяқталуына негіз қалады деп санайды. Себебі, «Нью-Йорк Таймс» газеті іле-шала, 9 қазан күнгі санында «Саясат галстуксыз кездесулердің аса тиімді екенін енді ғана сезе бастады. Рейкьявик кездесуі осы ғасырдың соңында болатын ұлы өзгерістерге жол ашып берді. Сең қозғалды. Олар екінші адамға орын жоқ тар өткелде кездесті. Кімнің кімге орын бергені кездесу нәтижесіне қарап бағалауға болады. КСРО тәрізді алып мемлекеттің мәмілеге келуінің өзі – АҚШ үшін үлкен жеңіс. Енді аздаған жылдарда КСРО әлем картасынан жоғалып, оның орнына тәуелсіз мемлекеттер пайда болады. Бұған сеніңіздер», – деген ақпараттарды дүние жүзіне таратып жіберген. Арада бес жыл өткенде батыс сәуегейлерінің айтқаны айдай болып орындалды: КСРО тәрізді алып империяның орнына 15 жаңа мемлекет пайда болды.
Тарихқа үңілсек, бұл үрдіс АҚШ-та Джордж Вашингтон және Томас Джефферсонның тұсында қолданылыпты. Ресми дипломатиядан отбасылық құндылықтарды бәрінен жоғары қойған АҚШ-тың № 1 және №3 президенттері шетелдік әріптестерін жеке меншік үйлерінде күтуді дәстүрге айналдырса керек. Уақыт өте келе Ақ үй ғана емес, АҚШ президенттердің үйлері мемлекетаралық келісімдердің саяси алаңына айналып шыға келді. Бұл дәстүрді жоғарғы деңгейде жалғастыруға Джордж Буш, Джеймс Картерлер де ықыласты болды. Маусым айының аяғында АҚШ-тың № 44 президенті Барак Обаманың ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді Ақ үйде емес, өзінің жеке саяжайында қабылдағаны белгілі болды. Президенттердің алдын ала дайындалған ас мәзірінен бас тартып, өздері аулаған балық тағамдарына басымдық бергені, АҚШ-тың № 1 ханымы Мишель Обаманың қолымен дайындалған дәмі тіл үйіретін дәмді тоқаштарды сүйсініп жегені де журналистердің назарынан тыс қалмаған. Жергілікті басылымдар мұндай кездесулер Америка дипломатиясы үшін үйреншікті құбылысқа айналғанын, АҚШ дипломатиясына басқалардан ерекшелік және басымдық беріп тұрған осы үрдіс екенін жарыса жазды.
Ал Ресей ақпарат құралдарында бұл термин 1995 жылы жылдардан бастап айтыла бастапты. Нақтырақ айтқанда, 1996 жылы «Финансовая Россия» газетінде саяси шолушы Э. Соловьева сыртқы істер министрлері деңгейіндегі кездесулердің этикасы мен қағидасы туралы сериялы мақалалар топтамасын жариялады. 1997 жылдың бас кезінде журналистке бұл тақырыпқа қайта оралуға тура келген. Себебі Ресейдің сол кездегі президенті Б. Ельцин мен Жапонияның премьер-министрі Р.Хасимотоның кездесулері жайлы тікелей репортаж жазған. Қажет ақпаратты алу үшін ғарышқа ұшып, жердің тесігіне дейін кіріп кетуге дайын тұрған тәжірибелі журналист кездесуде не айтылып жатқандығы туралы алдын-ала хабардар болғанмен, заңнан аса алмаған. Себебі, мемлекетаралық дипломатиялық хаттама бойынша, келісімге келмеген ақпараттарды жариялап жіберуге ешкімнің құқы жоқ. Ал жабық есік немесе галстуксыз кездесу жағдайында талқыланып жатқан мәселені бүгін, қазіргі сағатта жариялап жібермесен, ертең «күйіп, таңқалдырарлық сипатынан айрылып қалғалы» тұр! Бірақ тәуекелге барып, өзі куә болған жайттарды оқырмандар алдына жайып салған. Кейінірек газеттің сол күнгі нөмірі бас-аяғы 15 минуттың ішінде сатылып кеткенін естігенде мақалаға қорқа-қорқа қол қойған бас редактор да таң-тамаша қалған деседі. Арада жылдар өткенде журналист «Есте қалғандар» деп аталатын естелігінде: «Шын мәнінде, сол кезде Ресей мен Жапония арасындағы Қиыр Шығысқа байланысты даулы мәселе көтерілді. Ресей Президентінің туа бітті мәмлегерлік қабілетінің нәтижесінде біздің мәселені бір адым болса да алға жылжыта алды. Кеш соңында тәкаппар Р.Хасимотоның Б.Ельциннің кез келген құлаққа аса жағымды естіле қоймайтын даусына қосылып ән айтқанын көзіміз көрді. Біз бұл жайттан кейін мұндай кездесулердің мемлекетаралық қарым-қатынастарда аса пайдалы екеніне көзіміз жетті. Осыдан кейін журналистердің ресми хаттамаға деген тәуелділігі кеми бастады», – деп жазды.
Ал 1998 жылы Сочиде ТМД елдері басшыларының еркін форматта өткен кездесуі жайлы ресми ақпарат «болды, өтті, кетті» дегеннен әрі аса алмады. Ал жабық есік жағдайында өтетін кездесулердің «дәмін татып қалған» журналистерді мұндай қасаң хабарлар қанағаттандыра алмасы анық. Бұл жолы ресейлік журналистерге президенттердің күзетшілері көмекке келгенге ұқсайды. Саммит өтіп жатқан залға кіріп-шығып жүрген күзетшілер Ресей президенті В.Путиннің галстуксіз жейдемен жүргенін, ал түс ауа ресми жейдесінің қысымына шыдай алмай аппақ футболка киіп алғанын, Саммит жұмысын сол қалыпта басқарғанын, Сочи саммитіне құрметті қонақ ретінде шақырылған Францияның сол кездегі президенті Ж.Ширактың Сочидің «Рэдиссон САС Лазурная» бес жұлдызды қонақ үйінде «жол аяқ» деп деп әлдебір ішімдікке қайта-қайта тапсырыс бергенін айтып берген. Кейін Жак Ширак мырзаның «қайта-қайта тапсырыс берген ішімдігі» грузиннің Боржоми сусыны болып шықты.
Ресей журналистері ұсынған ақпарат көздері галстуксыз кездесулердің патентін өз аттарына аударып алуға басымдық берсе де, оны нағыз кемел бабына келтірген біздің қазақ топырағы, біздің елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы екенін жоққа шығармайды. Тіпті үлкен саясатта түйіні тарқатылмай тұрған кілтипандардың басым көпшілігі бейресми кездесулерде жібектей есіліп жүре беретінін Елбасымыздың өзі де жоққа шығармайды. Себебі, галстуксыз кездесулердің сәтті болуы ең алдымен Президенттердің дипломатиясына байланысты. Тіпті Ресей мен Қазақстан арасында бір-бірінің тәуелсіздігін тану туралы Стратегиялық келісімге қол қойған кезде ресейлік басылымдар «Ресейдің Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде тануына президент Назарбаев дипломатиясы көп әсер етті. Қазақ президентінің дипломатиялық шеберлігі ресейліктердің алдын орап кетті» деп жазғаны көп жайттан хабар береді. Елбасыңыз кейінірек ресейлік журналистермен кездескен кезде жиынның аса күрделі жағдайда өткенін, ең соңында халықтар достығы, президенттер арасындағы жеке достық жеңіп шыққанын, терістегі көрші елдің тәуелсіздігімізді тануы халықтар арасындағы Ұлы достықтың жеңісі екенін айтқан.
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Күнгей мен көлеңке» атты кітабында галстуксыз кездесулердің үлкен саясатқа әсері, тіпті қажет жағдайда қазақтың ата дәстүрі де сыртқы саясатқа қызмет ететіні туралы әдемі естеліктер келтірген: «Нұрсұлтан Әбішұлы АҚШ Президенті Дж. Бушпен кездесер алдында оның әкесі үлкен Бушпен кездесті. Атлант мұхитының жағалауында үлкен Буш қазақ президенті Нұрсұлтан Назарбаевты АҚШ президенті кіші Дж. Буш туып өскен, іргетасы ХVIII ғасырда қаланған Буштар әулетіне тиесілі қара шаңырағында қарсы алды» деп жазды.
Саясаттанушы Эдуард Полетаев ХХI интеграциялар ғасырындағы түйткілді мәселелерді шешуде халықтық дипломатия – галстуксыз кездесулер айтарлықтай ықпал ететінін, демек, оның да президенттер кездесулерінің екінші қыры ретінде заңдастырудың кезі келгенін айтады. Себебі, бізде өтетін кездесулердің жабық есік жағдайынан «галстуксіз» деген деңгейге көтерілгені кеше ғана. Әйтпесе, 1990 жылдардың алғашқы жартысындағы Орталық Азиядағы бес мемлекет – қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен елдері басшыларының жиі-жиі қосулары, олардың арасындағы туысқан халықтар арасындағы достық әлемнің кез келген бұрышындағы кездесулерге үлгі болды. Дұшпанды күйіндірді, досты сүйіндірді. Оларды сырт көз бір үйдің тете өскен перзенттеріндей қабылдады. Бір ғажабы, сол достық, сол сыйластық күні бүгінге дейін жалғасып келеді.
– Галстуксіз кездесулердің қолданылу аясы кеңейіп келеді. Қазір тек жекелеген мемлекеттердің президенттері ғана емес, трансұлттық, мемлекеттік компания президенттері де ресми емес, еркін форматтағы кездесулерге басымдық беріп жүр. Мысалы, Түркия премьері Тайып Ердоған Францияға сапары кезінде Франция қазақтарымен кездесуі күн тәртібінде қарастырылмаған, ол – әуежайда қазақ диаспорасын көргеннен кейінгі қабылданған шешім. Түркиялық премьердің дипломатиясы жан-жағына дайындықтың жоқ екенін сездірмеді. Сондықтан Ақорданың немесе Сыртқы істер министрлігінің протокол бөлімі ресми кездесулердің екінші қырына дайын болуы қажет керек. Бұл журналистердің ресми хаттамаға деген тәуелділігін кемітеді. Бұл қажеттілік, –дейді Эдуард Полетаев.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙ