Ауа райының күрт құбылуына байланысты астана жастары «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырып келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акция аясында волонтерлер жалғыз басты қариялардың ауласындағы қарды тазалап, елорда тұрғындарына ыстық шай таратады, сондай-ақ жүргізушілерді балалы әйелдерді, қарт адамдарды тегін тасымалдауға шақырады.
Өткен демалыс күндері волонтерлер тәулік бойы жұмыс істейтін коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен бәліш таратты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акция қала тұрғындарын бір-біріне қайырымды болуға шақырады.
«Біз астананың әрбір тұрғынын мұқтаж адамдарға көмектесуге және «Біз біргеміз» акциясына қосылуға шақырамыз»,- деді қалалық волонтерлер штабының төрағасы Шыңғыс Тілеулин.
«Біз біргеміз» акциясы елордалықтар арасында бірден қолдау тапты. Қала тұрғындары қарды тазалауға белсене қатысып, әлеуметтік желілерде #Бізбіргеміз хештегімен видеолар мен фотосуреттер жариялап жатыр.
Елорда жастарының бастамасымен өтіп жатқан бұл акция бір апта бұрын әлеуметтік желілерде таралды. Белгілі тележүргізуші, әзіл-сықақшы Тұрсынбек Қабатов, журналист Асхат Садырбай мен «Назар аудар» театрының әртістері жастармен бірге челленджге бастау беріп, оны барлық қазақстандықтарға жолдады.
Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда челленджге қоғам қайраткерлері, телеарна қызметкерлері, аудандық әкімдіктер, танымал тележүргізушілер, қазақстандық эстрада жұлдыздары мен қала тұрғындары қосылып жатыр.