Алматы облысында «Г.Н. Нам» шаруа қожалығы жетекші ауыл шаруашылығы бірлестіктерінің қатарында. 18 жыл бойы қант қызылшасын, сояны, картопты, пиязды, бидай мен жүгеріні өсіріп келеді. Төрт жыл бұрын егістік алқабына Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ат басын бұрып, шаруашылықтың тіршілігімен, табыстарымен жіті танысқан болатын. Осынау жетістіктерге шаруа ерен еңбекқорлығы мен жаңа технологияларды шебер пайдалану арқылы жетіп отыр.
Герман Николаевичтің айтуынша, киелі Ескелді жерінде Нам әулетінің төртінші ұрпағы еңбек етіп келеді. Қазір көкөністер өсіп жатқан егістіктерде таңнан күн батқанға дейін оның аталары мен әкелері, ал қазір оның балалары мен немерелері жұмыс істейді. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында қалтқысыз еңбек ету тағдырыма жазылғандай, дейді шаруа.
Институтты бітіргеннен кейін 1986 жылы туған жерге оралып, колхозда еңбек жолын бастады. Кеңес Одағының күйреу кезеңі, посткеңестік кезең, тәуелсіз Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінің қалыптасуы мен дамуы сынды ауыл шаруашылығы саласының барлық даму кезеңдерін басынан өткерді. Жан-жақты мемлекеттік қолдау мен кәсіпкерлердің күш-жігерінің арқасында Жетісу жері аграрлық аймақ ретінде жанданғанын жақсы біледі.
Герман Нам жеке шаруа қожалығын 2002 жылы құрды. Қазір фермердің бірнеше жүздеген гектар егістік алқабы бар. Алайда алғашқы жылы дақылдар 37 гектарға ғана себілген еді.
«Алғашқы жылы біз қант қызылшасын, картоп пен пиязды сеуіп көрдік. Ол уақыттағы жағдай мәз емес болатын. Бізде жерден басқа ештеңе болған жоқ. Қазіргідей жоғары сапалы тұқымдар, гербицидтер мен тыңайтқыштар болған жоқ. Техниканың бәрі ескі. Тракторлар, комбайндар сатып алу керек болды. Осылайша техниканы тірнектеп жинадық», — дейді фермер.
Бес жыл бұрын Герман Нам бірнеше шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып «Қарабұлақ» сервистік-дайындау орталығына (СДО) бірікті. СДО «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ арқылы қаржы лизингі бойынша заманауи ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет көмегімен берілген «ақылды» техника фермерлердің жұмысын едәуір жеңілдеткен.
Мәселен, 12 қатарлы Optima Tandem сепкіші. Әмбебап сепкіш қызылша, соя және жүгері егуге арналған. Сепкіш тұқымдарды жерге оңтайлы қондырып, кез-келген ауа райы мен жағдайда жұмыс істейді алады.
Ал егістікті пестицидтермен өңдеу барысында шаруа SCHMOTZER немістің кәсіпорнына шыққан «Комби-4» қатараралық өңдеу қопсытқышын қолданады. Культиватор бір уақытта төрт қатарға өңдеу жүргізеді.
Қызу егін жинау кезі басталғанда өнім -«RL 200 SF» қызылша тазалағыш-тиегіші арқылы жиналады. Ауыл шаруашылығы саласында бұл техниканы Германиядан шыққан ең жылдам «тышқан» деп атайды. Оның өзіндік себебі де бар. Санаулы минуттарда оған 25 тонна қызылша тиеледі. Ал бір сағат ішінде 350 тонна өнім жинауға қауқары жетеді. Қызылшамен бірге түскен тастар мен өзге де кедергілер автоматты реверсивті құрылғының көмегімен оңай және тез жойылады. Соның арқасында шаруалардың шығындары бірнеше есеге азайып, дақылдардың өнімділігі артқан.
2014 жылы Герман Нам Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматы облысында қант саласын қайта жаңғырту туралы үндеуін қолдап, тәтті түбірдің егіс алқаптарын ұлғайтуға белсенді кірісті.
Екі жылдан кейін Елбасы Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Герман Нам шаруа қожалығының қызылша өсіретін алқаптарына келіп, өңірдің қант саласын жаңғырту жөніндегі бағдарламаның алғашқы нәтижелерімен танысты.
«О баста қант қызылшасын өсіруді шамамен 5-10 гектардан бастадық. Сол тұста әр гектардан 300-400 центнерден алынып отырды. Егістік көлемі ұлғайтылды. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы өнімділігі жоғары тұқым алып, соның арқасында өнімділік гектарына 500-700 центнерге дейін өсті. Жекелеген учаскелерде қант қызылшасының өнімділігі гектарына 900 центнерге жетті», — деп атап өтті шаруа.
Қазіргі уақытта «Қарабұлақ» СДО қызылша алаңдарына «Жетісу» ӘКК арқылы алынған жоғары өнімді тұқымдарды пайдаланады. Биыл құрғақшылыққа қарамастан, фермерлер жақсы өнім алуға үміттеніп отыр.
Герман Нам шаруашылықта жаңа технологияларды шебер қолданғандар кәсіпкерлердің бірі. Әр жылдары шаруа Германия, Нидерланды, Қытай және Украинадағы кәсіпорындар мен шаруашылықтарда болып, агрономдармен, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жөніндегі сарапшылармен тәжірибе алмасып қайтты.