Т.Рысқұлов ауданында алғаш рет рапс дақылы егілді

Рапс. Optimism.kz

Фото: agronews.kz

Ауданда жоспар бойынша 100 гектарға жуық алқапқа күздік рапс дақылын егу үшін облыстан арнайы тапсырма берілген.

Аймақ бойынша рапс дақылын өсіру бастамасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолдауына ілікті.
Түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудан шаруалары жоспарды артығымен орындап, 160 гектар алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Өткен аптада қожалықтардың бірнешеуі жерге аталмыш майлы дақылды бастырып та үлгерді. Әсіресе, Мұратбек Арыстанбеков басшылық ететін округте бірнеше шаруа қожалықтары күздік рапс дақылын егуге ниет танытқан. Солардың бірі — «Достық — Е» шаруа қожалығы.

Шаруашылық басшысы Айтжан Ихиев аты аталған дақылды өз алқабының 10 гектарына егуде. Бұл мақсатта Мұрат Айтымбетов пен Андрей Исаев сынды механизаторлар егіс алқабындағы қиын жұмыстарды еңсеріп, тынбай еңбек етіп жүр. Қожалық жетекшісінің айтуынша аталмыш бастамаға жергілікті басшылар барынша қолдау көрсетіпті.

Абай ауылдық округінде түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілген секілді. Оны ауылдық округ аумағына рапс дақылын егуге ниет танытқан «Медеу төре», «Құрманбай», «Нұрпейіс» шаруа қожалықтарының оң бастамасынан анық аңғаруға болады.

Агросаланы алшаң бастыратын дәл осындай бастамаларды қолдауға жаңатұрмыстық шаруалар да зор ықылас танытқан. Солардың бірі әрі бірегейі — «Әділ» шаруа қожалығы. Қожалық басшысы Қалдыбек Әділов те өзіне тиесілі егістік алқаптың 10 гектарына алғақылардың бірі болып, рапс дақылын екті. Шаруаның айтуынша, ол дақылды екпес бұрын оны жан-жақты зерттеп те көріпті.

Егістік алқабына арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалыбаев пен ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев та пікір алмасу барысында рапс дақылының басты артықшылықтарына кеңінен тоқталып, көптеген тың ақпараттармен бөлісті. Дәлірек айтар болсақ, олар Қалдыбек Әділовке «рапс» жерді тыңайтуға қолайлы дақыл екенін, сондай-ақ, ауа райының әртүрлі жағдайларына төзімді болатынын алға тартып, қожалықтың бастамасына сәттілік тіледі.

Жалпы күздік рапс дақылын егуге ауданнан 15 шаруа қожалық ниет білдірген. Ол үшін ауылшаруашылығы бөлімі 600 килограмм дақылды ауданға жеткізу бағытында жүйелі жұмыс жасап, қожалықтарға үлестіріпті. Алдағы уақытта дақылды егуге құлшыныс танытып жатқан шаруалар да баршылық.

Exit mobile version