Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Бүгінгі қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр.
Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек» деген болатын.Бүгінгі күні полицейлер Елбасымыз айтқандай, азаматтар санасында жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінікті қалыптастырып келеді. Оған айқын дәлел ретінде Луговой желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған қайырымды іс-шараны ерекше атап өтуге болады.
Жуырда аталмыш бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бекжан Әлімнің ұйымдастырумен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілді. Дәлірек айтар болсақ, Луговой ауылының тұрғыны Элли Поздееваға азық-түлік себеттері тапсырылып, 2-3 тонна көлемінде қыстық отын түсірілді. Полиция майорының айтуынша, аталмыш іс-шара Елбасының «Біз біргеміз» акциясының аясында ұйымдастырылған.Аты аталған шараға аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған еріктілер де қолдау білдірді. Атап айтар болсақ, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Әбіләшім Мырқасымов бастаған Азамат Қыздарбек, Нұрым Тоқтарәлиев, Ербол Бергенбай, Данияр Қадірбек сынды ерікті жастар қыстық көмірді қаптап, Элли Поздееваның қорасына кіргізіп берді.Көрсетілген көмекке риза болған ауыл тұрғыны Луговой желілік полиция бөлімінің қызметкерлері мен ерікті жастарға өзінің шексіз алғысын жеткізді.