Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Каменка ауылындағы «Бәйдібек баба» мешітіне 300 орындық мешіт салынуда.
Ауыл әкімі Ораз Танкеев пен мешіт имамы Қайсар Сұлтанов және ауыл ақсақалдары осы сауапты іске атсалысуда. Атаулы іске Каменка ауылының 1979-1982 жылы туылған азаматтары, белді кәсіпкер Мақсат Құрамысовтың қаражатпен, құрылыс заттарымен қамтамасыз етуімен іске асырылуда. Қазіргі таңда асхана құрылысының іргетасы толықтай қаланып үлгерген. 300 орындық асхананың ұзындығы мен ені 25×11 шаршы метрді құрайды. Ауыл имамы Қайсар Сұлтанов: : «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі, туған жерін қадірлеп, өскен жеріне перзенттік парызын өтеу үшін осындай игі бастамаға қол ұшын созуды құп көрген Мақсат Құрамысовқа шын ниетіммен алғыс білдіргім келеді. Мінеки, асхананың іргетасы қаланды. Мына әлемді жайлаған індет біздің елді де әбігерге салып тұрғаны рас. Бұйыртса, бұдан да аман шығатынымызға кәміл сенемін. Қазақ халқы не көрмеді? Ең бастысы, бейбітшілігіміз ажырамасын.
Дана бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген. «Бірлігіміз бекем болсын» деді. Каменка ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Алпысбай Оразбаев болса: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз» деген екен заманында қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. Құдайға шүкір деймін, біздің ауылымыздың берекесі мен ынтымағы көпке үлгі. Ол осындағы қараша жұртпен ауыл әкімі Ораз Танкеевтің және ауыл имамы Қайсар Сұлтановтың көпшілік пен бірлесе жұмыс атқара білгендігінен деп білемін.
Елімізде әрдайым тыныштық болсын» десе, кәсіпкер Мақсат Құрамысов: «Туған ауылымды әрқашан мақтан етемін. Өскен жердің топырағы кімге болсын ыстық көрінеді. Ауылыма шамам жетсе көмектесу ауыл баласы ретіндегі парызым!» деп сөзін аяқтады.