Құлан ауылының құрметті ардагері, жеке кәсіпкер, «Дәулетбай» шаруа қожалығының басшысы Үмбет Жанаділов талай жылдан бері ауылшаруашылығы саласын алшаң бастыруға ерекше үлес қосып келеді. Құланның қазыналы қариясына айналған ақсақал бүгінде жеке ісін дөңгелетіп, өз кәсібінен нәсібін тауып жүрген жандардың бірі.
Үмбет Дәулетбайұлының ықпалымен 2004 жылы құрылған кәсіпорын бүгінгі күнге дейін үй жануарларына қажетті азықтың бірқатарын өндіріп, нарыққа шығарып, саудалап келеді. Сонымен қатар, Үмбет ақсақалдың кәсіпорыны аудан тұрғындарынан төрт түліктің жүні мен терісін де қабылдайды. Өз кәсібін кеңейтуді көздеген кәсіпкер қалтасынан 253 000000 теңгеге жуық қаражатын жұмсап, жуырда мал сою алаңын да ашты. Аталмыш нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов және бірқатар бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Барлық санитарлық талаптарға сай келетін мал сою алаңы заманауи үлгіде жабдықталған. Онда бір мезетте 6-7 бас ірі қараны немесе бір тәулік ішінде 500 басқа жуық ұсақ малды союға болады. Бір сөзбен айтқанда аталмыш кәсіпорын жылына 500 тонна ет өнімін дайындауға қауқарлы. Кешеннің өзінің тоңазыту камерасы, таразыға тарту бөлмесі мен қасапшыларға арналған демалыс орындары да бар.
Сондай-ақ, нысанның мал бордақылау алаңы да толықтай жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда кәсіпорынның бордақылау алаңында 200 бас қой, 16 бас жылқы, 24 бас ірі қара бордақылануда.