Бүгін «Nur Otan» партиясының Сырым аудандық филиалының, аудандық штабтың белсенді мүшелері мен танымал тұлғалары, партия атынан сайлауға түсетін үміткерлер «Есіктен – есікке» акциясы аясында Бұлан, Алғабас, Тоғанас ауылдарына барды, деп хабарлайды Optimism.kz.
Үміткерлер Айнұр Уалиахметова мен Бақытжан Хамидуллин Бұлан ауылында болып, сайлаушылармен кездесті. «Ауылыңда қартың болса, жазулы тұрған хатпен тең» дегендей, үміткерлер тыл ардагері, 93 жастағы Кәрима Мұхамбетжанованың шаңырағына ат басын тіреді. Кейуана әлі тың екен, сөзі дұрыс. Тылда еңбек еткенін, жас күнінде көрген қиындықтарын айтып, бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт те бақытты заманға шүкіршілік білдірді. Елдегі саяси ақпаратқа қанық қарт әжей «Nur Otan» партиясының ақтарып жатқан жұмысын қолдайтынын, партияға дауыс беретінін жеткізді. Көкейіндегі мәселені де қозғап, бүгінде қатары сиреп бара жатқан тыл ардагерлерін ҰОС ардагерлеріне теңестірілсе, әйел адамдардың зейнет жасы төмендетілсе деген ұсынысын айтты. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында тыл ардагерлеріне көптеген жеңілдіктер барын айтқан үміткер А. Уалиахметова мен Б. Хамидуллин кейуананың ұсынысын жоғарыға жеткіземіз деді.
Бұландың Мәлік Тәжіғалиев ақсақал да жүздесу барысында өзінің сүйікті партиясын қолдайтынын айтып жатыр. Партияның сайлауалды бағдарламасымен таныс екенін де байқатты, ауылға су, жол келетінін де біледі екен.
«Nur Otan» партиясынан депутаттыққа үміткер Роза Ихсанова Тоғанас ауылындағы сайлаушы отбасылармен кездесті. Ауылға жуырда жұмыс бабымен келіп, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен баспана, көтермеақы алған жас отбасы Мадияр Қажмұрат пен жары Гүлраушан Еркінованың шаңырағына бас сұқты. Мадияр электр монтері болса, Гүлраушан В. И. Шубин атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Жас отбасының бір сәбиі бар. Ауылдың белсенді жастары 29 жасқа дейінгі берілетін несие туралы сұрады. Жұмыста болса да, құс өсіруді қолға алғылары келеді екен. Ауыл жастарының бос уақыттын тиімді ұйымдастыруға спорт кешені, мәдениет ошағы қажет деген пікірлерін білдірді.
Тоғанас ауылынан көшіп кетіп, бүгінде алтын бесігіне қайта оралған зейнеткер Гүлбаршын Махметова ұлымен бірге ауылда түтінін түтетуде. Ауылдың ең жасы үлкені 94 жастағы Болғанай Өтешқалиеваға да үміткер Роза Ихсанова арнайы барып, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Сайлаушылар партияны қолдайтындықтарын білдірді.
Алғабас ауылындағы сайлаушылармен бүгін партия үміткерінің сенімді өкілі Аманбай Хамидуллин кездесті. Алғабастық зейнеткерлер Ғарифолла-Ақзила Қаразимовтардың үйіне барып, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. Зейнеткерлер «Nur Otan» партиясын елдің бірінші партиясы деп атап, 10 қаңтардағы сайлауда дауыс беретіндерін жеткізді. Пікір алмасу сәтінде ауыл жастары үшін спорт кешені, коворкинг орталығы қажеттігін айтып, жұмыссыз жастарға несие берілсе деген ұсынысын ортаға салды.