Алматы облыстық мәслихатына кандидат Гүлнар Тойлыбаева, Талдықорған қалалық мәслихатына үміткер Жамал Нұрлыбаева мен Алишер Манликов, қалалық сайлау штабы төрағасының орынбасары Жайық Тазабекұлы мәдениет және өнер саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында кандидаттар партияның қол жеткізген жетістіктерімен бөлісіп, алдағы атқарылар жұмыстар жөнінде баяндады. «Nur Otan» партиясы мәдени және рухани құндылықтарды сақтау мен көбейтуді қолдайды. Бүгінде Алматы облысында 558 мәдениет және өнер ұйымы жұмыс істейді. Өңірде жыл сайын онлайн қарауды ескере отырып, 6 млн. адамды қамтумен 60 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізу көзделуде. Одан бөлек 405 тарихи-мәдени мұра нысандарын QR-кодты белгілеу жоспарланған. Сондай-ақ, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында қасиетті және таңбалы орындар бойынша өлкетану экспедицияларын ұйымдастыру жолға қойылмақ. Сайлауалды бағдарламаның «Тарихы мен мәдениеті бай аймақ» бағыты бойынша «Көлсай көлдері», «Шарын», «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерінде туристік маршруттар бойында жұмсақ инфрақұрылымды дамыту (шағын сәулет нысандарын, көрсеткіштер мен 19 конструкцияларды орнату), «Алтынемел» МҰТП-да геопарк пилоттық жобасының 4-ші кезеңін іске асыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Жұлдызы жарқыраған – Жетісу» облыстық патриоттық форумы өткізіледі. Үміткерлер «Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Мәдениетіміздің дәріптелуіне аса назар аудару қажет. Себебі, әрбір елдің рухани күші – оның мәдениетімен өлшенеді. Бұл орайда сайлауалды бағдарламада бірқатар маңызды шаралар қарастырылған. «Nur Otan» партиясы қатаң тәртіп пен жүйелі дамуды қалыптастырып, әр азаматтың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауды көздейді. Бастысы халық көңілінен шығып, артылған сенімді ақтауды мақсат етеді. Міне, сондықтан халықтық партияға дауыс беруге шақырамыз» -деп атап өтті.
Айта кетейік, алдағы уақытта да Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында түрлі іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылады. Мерейтойлық даталарға жиындар өткізу арқылы елге белгілі тұлғалардың, оның ішінде жетісулықтар мұрасын кеңінен насихаттау, ақындар айтысын, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастыру арқылы жастардың патриоттық сезімін нығайту басты назарда болмақ. Партия мәдени құндылықтардың сақталуы мен өркендеуін ұдайы қолдайды. Шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтердің, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ киноиндустрия, мұражайлар мен кітапхана өкілдерінің жетістіктерін айтыс, мүшәйра, жыр-терме, конкурстар, фестивальдар, әдеби оқулар, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізу арқылы ілгерілететін болады. 2025 жылға дейін елімізде 1500 мәдениет нысаны салынып, жөндеу жүргізіледі. «Nur Otan» партиясы қаражат бөлудің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, жыл сайынғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет, өнер және ғылым қайраткерлерін қолдайды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде «Қазақстанның киелі географиясы» және «Жаhандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын іке асыру жалғасады. Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылданады. Барлық мәдени іс-шаралар, театр маусымдары, кітапхана қорлары, мұражайлар мен көрмелер туралы бірыңғай электронды платформа құрылады. Ғылымды қолдау және еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту үшін еліміздің ең бәсекеге қабілетті 20 оқу орнының базасында академиялық артықшылық орталықтары құрылады. Жыл сайын дүниежүзілік жетекші ғылыми орталықтарға 500 қазақстандық ғалым тағылымдамаға жіберіледі. Барлық мемлекеттік ғылым орталықтарына жұмыс тиімділігі мен нәтижелігіне қатысты толық аудит жүргізіліп, ғылыми ұйымдар мен ЖОО жабдықтары жаңартылады. Ғылымды нақты проблемаларды шешуге тарту үшін елімізде ғылыми-технологиялық даму бағдарламасы әзірленеді.