«Ұлағат» Жастар қоғамдық бірлестігі «ТЖ жағдайында азаматтардың тиімді әрекет ету ресурсын құру» жобасының географиялық аймағын кеңейтпек. Жоба Шығыс Қазақстан облысында сәтті жүзеге асырылды, Алматы облысында репликация жасау жоспарлануда. Жоба Шеврон компаниясы мен Орталық Азия Еуразия Қорының қолдауымен Qolda 3.0 шұғыл көмек бағдарламасы бойынша гранттық қаржыландыруға ие болды.
Qolda 2.0 бағдарламасының нәтижелері бойынша ШҚО ауылдық жерлерінде 350-ден астам волонтер түрлі табиғи сипаттағы ТЖ кезінде тиімді әрекет етудің арнайы дайындығынан өтті. Жоба командасы волонтерлерді оқытып, бірыңғай базаға біріктірді. Қазіргі уақытта волонтерлер су тасқыны кезінде ТЖ қызметтеріне орман және дала өрттерін сөндіруге, тау арасы мен ормандардан жоғалған адамдарды іздеуге көмектеседі.
«Ұлағат» ЖҚБ төрайымы Аяужан Әшімова жоба туралы: «Біздің мақсатымыз – ШҚО ауылдық жерлеріндегі тұрғындардың ТЖ кезінде азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін арттыру, ТЖ жағдайында тиісті шаралар қабылдай алатын арнайы оқытылған волонтерлерді дайындау. ШҚО-да табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар жиі орын алады, өйткені ормандар, таулы жерлер, өзендер көп. Көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар кезінде, дала өрттері кезінде әкімдіктер волонтерлерге – қарапайым ауыл тұрғындарына жүгіне алады. Әкімдіктер бұған дейін де олардың көмегіне жүгінген болатын, бірақ енді біз волонтерлерге арнайы білім беріп, оларды ынталандырдық. Енді ауыл тұрғындары қарапайым тұрғынның өз отанына қалай көмектесе алатыны жайлы және волонтерліктің құндылығы туралы біледі. Әйелдер ақпараттық жұмысқа, азық-түлік немесе өнеркәсіптік тауарларды таратуға қатыса алады. Ер адамдар физикалық күш қажет болатын жұмыстарға тартылады. Бұл кәсіби өрт сөндірушілер мен құтқарушыларға нақты көмек.
Қазір біз осындай жобаны Алматы облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бізбен жұмыс істеуге дайын серіктестік ұйымдар бар».
Сондай-ақ, команда ТЖ кезінде, мысалы, жер сілкінісі, су тасқыны немесе боран кезінде адамдардың іс-әрекеттеріне нұсқаулық чек-парақтары жинақталған «Qolda 24/7» мобильді қосымшасын әзірледі және оны жаңартуда. Мобильді қосымша ШҚО ТЖ Департаментімен бірге әзірленді. Қосымша тек ауыл тұрғындарына ғана арналмаған. Мысалы, егер қала тұрғыны қаладан шығып кетсе, адасып кетсе немесе қандай да бір мәселеге тап болса, ол қосымшаны жүктеп, одан әрі қарай іс-әрекет көрсетілген чек-листті қарай алады, көмекке жүгінетін адамдардың байланыс нөмірлерін таба алады.
Qolda 3.0 шеңберінде қосымшаны жетілдіру жоспарлануда – жаңа чек-листтер пайда болады, соның ішінде террористік актілер мен табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ кезіндегі іс-әрекет туралы чек-листтер жасалмақ. Команда ШҚО Қоғамдық кеңесінің тұрғындармен шығатын кездесулер аясында ШҚО қалалары мен аудандарында мобильді қосымшаның таныстырылымын өткізуде.
«Ұлағат» ЖҚБ командасы жобаның волонтерлік желісін кеңейтуді, волонтерлердің әкімдіктермен ғана емес, ТЖ қызметтерімен, әскерилермен, полициямен өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді жоспарлап отыр.