WKF каратэ: Жоламан Биғабыл мен Нұрқанат Әжіқанов Азия чемпионы атанды

Фото: Министерство туризма и спорта Республики Казахстан

Бүгін Қытайдың Ханчжоу қаласында WKF каратэден ересектер арасындағы XX Азия чемпионаты аяқталды.

Биыл құрлықтағы 30 елден таңдаулы 300-ден астам татами шебері күш сынасты. Бұл қатарда ел намысын кумите бағдарламасында 19 отандасымыз қорғады.

Нәтижесінде 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальге қол жеткізді. Финалда Жоламан Биғабыл (-55 кг) Омар Шакраны (Иордания), ал Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) болса Кувончбек Мухаммадиевті (Өзбекстан) ұтып, өз салмағында жеңімпаз атанды. Нұрқанат жартылай финалда әлем чемпионы Бахман Аскари Гончехті айқын басымдықпен ұтқан (7-1).

Ақтық сынға шыққан тағы бір отандасымыз Әсел Қанай (-61 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сонымен қатар кумитеден ерлер командасы 2-орын алды. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль иегері атанды. Жарыс нәтижесі бойынша ерлер командасы әлем кубогына жолдама алды.

Қазақстан жалпы есепте Жапония мен Вьетнамнан кейінгі 3-орынға тұрақтады.

Exit mobile version