Фото: МЦРИАП РК
10 қараша — Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделін» қоғам арасында кеңінен насихаттау және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер бейнесін ұжым алдында көтермелеу, жастарға үлгі болу мақсатында мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға бағдарланған «Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының кезекті қонағы – мемлекеттік қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген әріптесіміз Министрліктің Архитектура және цифрлық трансформация саясаты департаменті директорының орынбасары Гүлмира Маутханқызы Маутхановамен жүргізілген сұқбатты ұсынамыз.
Құрметті Гүлмира Маутханқызы сізді алда келе жатырған кәсіби мерекеңіз Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, мереке қарсаңында өзіңізбен цифрландыру саласының маманы ретінде сұқбат жүргізсем деп едім.
Бүгінгі уақыт талабына сәйкес IT саласының қатысынсыз бірде-бір бағытты елестету мүмкін емес, жалпы бұл саланың дамуы қашаннан бастау алды, қысқаша тарихына көз жүгіртсек?
Шынымен де қазіргі уақытта өмірімізді цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес.
IT саласының дамуына қысқаша тоқталатын болсам, 1970 жылдары американдық IBM компаниясы ең алғаш микропроцессорды іске қосты. Микропроцессордың шығуы дербес компьтерлердің пайда болуына ықпал етті, яғни бұл есептеу технологиясындағы нағыз революциялық қадам болды.
Кейін 1990 жылдардың басынан бастап бүкіләлемдік ғаламтор (world wide web) дами бастады, бұл интернеттің жаппай құбылыс ретінде пайда болуына әкелді. Интернеттің пайда болуы көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашты: электрондық пошта (e-mail), интернет-дүкендер, іздеу жүйелері, әлеуметтік медиа және т.б. пайда болды.
2000 жылдары мобильді технологияларды жаппай енгізу IT саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. 2007 жылы Apple компаниясы смартфондар мен планшеттер дәуірін ашқан алғашқы Iphone-ды ұсынды.
Сонымен бірге, осы жылдары бұлтты есептеу инфрақұрылымы дами бастады. Amazon Web Services, Google Cloud және Microsoft Azure сияқты компаниялар бұлтты шешімдерді ұсына бастады.
Мобильді құрылғылар мен бұлтты техологиялар адамдарға кез-келген жерден кеңсеге немесе үйге байланбай-ақ құжаттарға, электрондық пошталарға, жұмыс тапсырмаларына және бейнеконференцияларға оңай әрі жеңіл түрде қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Соңғы онжылдықтарда IT индустриясы жасанды интеллект, машиналық оқыту және үлкен деректерді талдау саласындағы жетістіктердің арқасында революциялық өзгерістердің жаңа толқынын бастан кешіруде.
Бұл технологиялар медицина, қаржы мен білімге дейін әртүрлі салаларда қолданылады.
Осылайша IT саласының дамуын негізгі 4 кезеңге бөлер едім.
А.ж. қыркүйек айында Министріміз Ж. Мадиев бұқаралық ақпарат құралдарында «еліміз әлем бойынша цифрлық басқару саласында орнын нықтады, яғни биыл Біріккен ұлттар ұйымының 2024 жылғы UN E-Government Survey есебіне сәйкес электронды үкімет бойынша жаһандық рейтингте 24 орынға көтерілдік»,-деді, бұл жақсы көрсеткіш болып саналады ма, бұл туралы не айта аласыз (қандай үлкен жобалар іске асты, корпорация, орталықтардың құрылуы…, цифрлық трансформация)?
Электрондық үкімет бойынша жаһандық рейтингте 24 позицияны иелену еліміз үшін жақсы көрсеткіш деп есептеймін.
Сонымен қатар, «онлайн қызметтердің сапа индексі» көрсеткіші бойынша әлемнің 193 елі арасында 10 орынды иеленгенімізді атап айтқым келеді.
Қазіргі уақытта еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтатын болсам, 2023 жылы 50 млн. қызмет онлайн режимде көрсетілді және бұл қызметтердің 92 % біздің азаматтарға үйден қол жетімді. Egov мобильді қосымшасын ай сайын 4,6 млн адам пайдаланады, аталған қосымшада өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ цифрлық құжаттар қол жетімді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде отбасының цифрлық картасы жобасы іске асырылды. Бұл жоба – азаматтарға әлеуметтік көмек туралы мақсатты хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Аталған жоба шеңберінде 30-дан астам мемлекеттік қызметтер проактивті форматқа ауыстырылды.
90-нан астам мемлекеттік дерекқорларды бірыңғай деректер қоймасына біріктіретін «Smart Data Ukimet» жобасы іске асырылды, бұл жоба деректерге негізделген шешімдер қабылдауға және әрбір азаматтың қажеттіліктеріне бейімделген проактивті қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді.
Өзіңіз қызмет етіп отырған сала туралы айтсаңыз. Оны ілгерілетуде қандай бастамалар қолға алынуда, салаға қатысты қандай өзгеріс, жаңашылдық бар?
Цифрлық трансформация саясаты саласына тоқталатын болсам, қазіргі уақытта біздің Департамент Цифрлық кодекс жобасын әзірлеу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде. Цифрлық кодекс – цифрлық кеңістіктегі өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға бағытталған цифрлық технологияларды пайданалуды реттейтін ережелер мен нормалар жиынтығы болып табылады.
Өздеріңіз білетіндей, кез-келген заң шығару процесі дәйекті кезеңдерден тұрады, оларды сақтау міндетті болып табылады. Цифрлық кодекс жобасы сараптамалық қоғамдыстық, бизнес пен мемлекеттік органдарың қатысуымен әзірленді, қазіргі уақытта Үкімет Аппаратының қарауында және қабылдау мерзімі — 2025 жылдың аяғына жоспарланған.
Сонымен бірге, цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүмкіндік беретін нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және статистика, халықты қорғау, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы шеңберінде қабылданды (Заңға 2024 жылы 5 шілдеде қол қойылды).
2024 жылдың қазан айында жоғарыда аталған Заңды іске асыруға бағытталаған 20-дан астам заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданды.
Қабылданған нормалар цифрландырудың платформалық моделіне көшуді, сондай-ақ қызметтер мен процесстерді біртұтас экожүйеге біріктіруді ілгерлетеді.
Сіздің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліңіз 9 жылға жуық екен, өз ісіңіздің маманы ретінде сіздің пікіріңіз, мемлекеттік қызметшінің жаңа болмысы қандай болу керек? «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дегенді қалай түсінесіз?
Жаңа болмыстағы мемлекеттік қызметшіні рухани-адамгершілік құндылықтарды ұстанатын, өзінің тұлғалық дамуын алдыңғы орынға қоя білетін, іс жүзінде оның нәтижесін көрсете алатын, білімді, кәсіби маман деп білемін.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дегенді ел игілігі үшін кәсіби білімімен және таза еңбегімен халыққа сапалы, адал ниетпен риясыз қызмет көрсететін, қажырлы еңбегімен табысқа жеткен тұлғаның бойында кездесетін үш негізгі қасиет деп түсінемін.
Сіз меритократия қағидатымен Министрлігімізде сарапшыдан бастап департамент директорының орынбасары лауазымына дейін сатылап көтерілген өз ісіңіздің кәсіби маманысыз, жалпы осы жоғарлатылуыңыз уақытылы ма әлде ертерек жүзеге асырылып тұр ма, қалай ойлайсыз?
Басшылық лауазымға көтерілу сатысында жұмыс тәжірибесіне байланысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?
Ата-анам үнемі әр нәрсенің өз уақыты бар, бәрі өз уақытымен болады деп айтып отырады. Шүкіршілікті жақсы көретін халықпыз ғой. Сондықтан мемлекеттік қызметте жоғарылауым ерте немесе кеш жүзеге асырылды деп айта алмаймын. Алланың қалауымен өз уақытында орындалды деп есептеймін.
Басшылық лауазымына көтерілу сатысында жұмыс тәжірибесіне келетін болсақ, дәл қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдарда басшылық лауазымына өту талаптары күрделі деп есептеймін.
Мысал келтіретін болсам, біліктілік талаптарында орталық мемлекеттік органда басқарма басшысы лауазымына өтетін үміткердің жұмыс тәжірибесі бес жылдан кем болмауы керек. Бұл қазіргі білікті де білімді жастардың басшы лауазымына өтуіне кедергісін тигізетін бірден-бір фактор.
Осыған орай, білікті де білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында оларға тек жақсы жалақы мен әлеуметтік пакетті ғана ұсынып қоймай, сондай-ақ кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсыну және біліктілік талаптарын, оның ішінде жұмыс тәжірибесіне қойлатын талаптарды қайта қарау керек деп ойлаймын.
Өзіңіз қай жердің тумасысыз, еңбек жолыңызды қашан, қайда бастадыңыз, жанұяңызда кім бар, жұмыстан тыс уақытта жақсы көретін ісіңіз (хобби) қандай?
Мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тумасымын. Еңбек жолымды 2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін аяқтағаннан кейін Астана қаласында Басқару колледжінде арнайы пәндер оқытушысы ретінде бастадым.
Жанұямда – ата-анам, ағам бар, кішігірім, қарапайым отбасында тәрбилендім.
Жұмыстан тыс уақытта спортпен, оның ішінде жүгірумен айналысқанды, сонымен қатар кітап оқығанды және youtube платформасынан әртүрлі бағыттарға арналған подкастарды көргенді ұнатамын.
Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне байланысты әріптестеріңізге тілегіңіз?
Барлық әріптестерімді және осы саланың барлық қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Іске асырылып жатқан жобалардың кәсіби өсуі мен қарқынды дамуын тілеймін.
Сіздерге кемелдікке, креативтілікке ұмтылуды және цифрландыру өсу мен даму үшін орасан зор мүмкіндіктер беретінін естен шығармай, осы салада талмай еңбек етуді тілеймін!Менің еңбек жолымды бағалап, сұқбатқа шақырғаныңызға алғысымды білдіремін.
Құрметті Гүлмира Маутханқызы!
Сізді де кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын!
Сізге зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, жанұяңызға амандық тілеймін. Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға көп рақмет.
Сұқбаттасқан:
Жансая Қаршығақызы Молдағалиева
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің
Әдеп жөніндегі уәкілі