Фото: Министерство культуры и информации Республики Казахстан
2025 жылдың 1 мамырында Алматы қаласында Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Гүл Алматы. Flower city» фестиваль-концерті өтті.
Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы, Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Фестиваль биыл дәстүрлі түрде төртінші жыл қатарынан өткізілді. Іс-шараның мақсаты – еліміздегі балалар хорын дамытып, жас таланттардың танылуына ықпал ету. Концерттік бағдарламада қазақ және әлем классиктерінің туындылары, заманауи авторлық композициялар мен түрлі этностардың музыкалық мұрасы орындалды. Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінің қыздар хоры фестивальдің арнайы қонағы болды. Концертте «Қоӊырау» кіші хоры, «Көкек» балалар хоры, «Ақ тілек» ұлдар хоры және тағы да басқа балалар өнер көрсетті.
Фестиваль өнерпаздарды ғана ғана емес, ұлттар арасындағы достық пен бірлікті, түрлі мәдениеттерді де тоғыстырды. Аталмыш іс-шара балалар мен жасөспірімдердің бойындағы шығармашылықты оятатын, оларды сахна мәдениетіне, өзара достық пен ынтымаққа баулитын тәрбиелік мәні зор өнер мерекесіне айналды. Концерт соңында фестивальге қатысушы барлық ұжымдарға ұйымдастырушылар атынан алғыс хат пен арнайы сыйлық табыс етілді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі