Біздің батырлар: өрт сөндіруші Арман Сарыбаев

Фото: МЧС РК

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай біз арамыздағы нағыз батырлар туралы айтамыз. Солардың бірі Шымкент қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Арман Сарыбаев.

  Арман өрт сөндіру қызметіне 10 жылдан астам уақытын арнаған. Осы жылдар ішінде ол бірнеше құтқару операцияларына қатысып, төтенше жағдайларда батылдық пен шешімділік танытты. Ең есте қалған оқиғалардың бірі – 2023 жылғы 18 желтоқсанда болған «Биік» тұрғын үй кешенінде шыққан ірі өрт.

  Өрт сөндірушілер оқиға орнына келген кезде ғимараттың оныншы қабатын қалың түтін басқан болатын. «Адамдарды құтқару — басты міндет» деген қағиданы ұстана отырып, капитан Сарыбаев еш кідірместен тұрғындарды эвакуациялауды ұйымдастырып, өзі пәтерлерді барлауға кірісті. Қою түтін басқан пәтерлердің бірінен ол әріптестерімен бірге мүгедек қызы бар әйелді тауып алды. Арман Сарыбаевтың жедел және батыл әрекетінің арқасында екеуі де аман-есен құтқарылып, қауіпсіз жерге шығарылды. Сол күні 2 адам құтқарылып, 50-ден астам тұрғын эвакуацияланды.

  «Мұндай жағдайларда ең бастысы – байсалдылықты сақтап, командамен нақты және үйлесімді әрекет ету. Біз өртте қанша адам бар екенін білмейміз, бірақ біз әрқашан біреудің өміріне қауіп төніп тұрғанын есімізде сақтаймыз. Біздің міндетіміз – құтқару, біз оған әрқашан дайынбыз», — деп Арман Сарыбаев атап өтті.

  Көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Арман Сарыбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

  Бұл оқиға — ТЖМ қызметкерлері күн сайын өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқаруға ұмтылатын сәттердің бірі ғана. Арман Сарыбаев — мұндай ерлікті марапат үшін емес, жүрек қалауымен жасайтын жанның бірі.

 

Exit mobile version