Respublica: Президент Жолдауы бизнестің жол картасына айналуда

Алматыда Respublica партиясының ұйымдастыруымен ReBusiness форумы өтті.

Оған 500-ге жуық кәсіпкер, мемлекеттік органдардың өкілдері, Мәжіліс депутаттары мен сарапшылар қатысты.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров форумды аша отырып, Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауы алдағы бірнеше жылға ел дамуының негізгі жол картасы болатынын айтты. Себебі Жолдауда көрсетілген міндеттердің барлығы бизнес пен қоғамның мүддесімен тікелей сабақтас.

Форум жұмысына партияның тең төрағалары Сырымбек Тау, Максим Барышев және Қуаныш Шонбай қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, партия құрылғаннан бері бизнес ортадағы өзгерістер мен еңсерілген қиындықтар туралы айтты.

Сондай-ақ Мәжілістегі Respublica фракциясының депутаттары – Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Айтуар Қошмамбетов, Екатерина Смолякова фракция бастамаларын таныстырып, қабылданған заңдар мен әзірленіп жатқан жаңа заң жобалары жөнінде баяндады.

Қатысушылар кәсіпкерлікті дамыту мен бизнестің құқықтарын қорғау, цифрлық трансформация, қаржыландырудың қолжетімділігі, тауарларды таңбалау, әлеуметтік кәсіпкерлік пен ішкі туризм тақырыптарын талқылады.

Форумға қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятқан – партия тең төрағасы Максим Барышевтың сөзі. Ол салық есебі саласының маманы ретінде 2026 жылдан бастап күшіне енетін өзгерістерді қарапайым тілмен түсіндіріп, кәсіпкерлерге жаңа ережелерге қалай дайындалу керегін баяндады.

Форумда айтылған барлық ұсыныстар Respublica фракциясының жұмыс жоспарына енгізіліп, заңнамалық бастамаларға айналмақ.

Бұл жиын бизнес пен мемлекеттің ашық диалогына жол ашты. Партия мүшесі кәсіпкерлер Президенттің бағытын қолдайтынын және оның бастамаларын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға дайын екенін жеткізді.

«Біз тек мәселелерді талқылап қана қоймаймыз – олардың шешу жолдарын ұсынамыз», – деп қорытындылады Respublica партиясы.

Exit mobile version