Фото: Акимат области Жетісу
Талдықорғандағы тергеу изоляторында арнаулы дәрігерлік амбулатория ашылды. Бұл денсаулық сақтау мекемесі тергеудегілерге дер кезінде сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімдігі мен жергілікті прокуратураның өкілдері Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің № 71 мекемесі аумағында орналасқан жаңа нысанға арнайы барды. Атап өтсек, медициналық блок уақытша ұстау изоляторының ішінде орналасқан. Денсаулық сақтау мекемесі мамандарының айтуынша, бұған дейін медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды қаладағы әр жерде орналасқан емдеу мекемелеріне апаруға тура келіп, бұл өз кезегінде жедел көмек көрсетуде біршама қиындықтар туғызатын. Енді медициналық қызметтің барлық түрі бір ғимаратта атқарылатын болады. Бұл блокты-модульді дәрігерлік амбулатория пацинеттерді қабылдауға, диагностика жасауға, алғашқы медициналық көмек көрсетуге, диспансерлік бақылау жасауға қажетті заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда сияқты 11 білікті маман, яғни терапевт, психиатр, уролог, травматолог, акушер-гинеколог 5 дәрігер, 6 медбике жұмыс істейді. Сол сияқты стоматологиялық кабинет ашылған, скрининг бақылауы мен алдын алу шараларын жүргізуге қажетті жағдай жасалған.
№1 қалалық емхананың директоры Ләйлә Төлеуханова медициналық қызмет тиісті стандарттарға сай екенін айтады.
— Изоляторда 400-ден астам адам отыр. Олардың барлығын флорография сияқты міндетті медициналық тексеруден тұрақты өткізіп отырамыз. Егер біреуге арнайы көмек қажет болса, онда осы жердегі өз дәрігерлерімізден көмек алады. Мұнда диспансерлік есепте 17 адам тұр. Олардың бәрі № 75 бұйрыққа сәйкес тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған, — дейді ол.
Сондай-ақ мұнда алыстан кеңес алуға да жағдай жасалған. Амбулатория бір мезгілде бірнеше маманның қатысуымен онлайн-консилиум өткізуге мүмкіндік беретін жүйемен жабдықталған. Бұл ауыр диагнозы бар және жедел жағдайдағы пациенттер үшін маңызды.
Ал прокуратура өкілдері жаңа медициналық нысанның ашылуы азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы маңызды әлеуметтік қадам екенін айтады.
— Бұрын қажет жағдайда 103 нөмірі арқылы жедел жәрдем шақыруға тура келетін. Қазір ерекше жағдайда болмаса, оған қажеттілік жоқ. Медициналық көмектің барлық дерлік түрі бір жерден көрсетіледі, бұл қызмет сапасын жақсартып, жұмыс тиімділігін арттыруға, әрі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге жасалған үлкен мүмкіндік, — дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Жандос Ысқақов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.
