12 июня 2026

Астанада интернет- алаяқтықпен күрес қалай жүріп жатыр

Астанада интернет- алаяқтықпен күрес қалай жүріп жатыр
Фото: www.gov.kz

Астана қаласында интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу бойынша жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Сакен Алауханов мәлім етті, деп хабарлайды Optimism.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Оның айтуынша, жыл басынан бері интернет-алаяқтық фактілері бойынша 66 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды.

«SIM-карталарды заңсыз тіркеу және WhatsApp аккаунттарын үшінші тұлғаларға беру фактілері бойынша 5 адам ұсталған. Заңсыз айналымнан 420 SIM-карта, 12 ұялы телефон және 1 компьютер тәркіленді.

Интернет-алаяқтыққа қарсы күресте мемлекеттік органдардың, банк секторының және байланыс операторларының бірлескен жұмысы маңызды рөл атқарады.

Екінші деңгейлі банктермен жүргізілген тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесінде азаматтардың қаржылық шығындарының алдын алып, жалпы сомасы 19 миллион теңге болатын қаражатты бұғаттауға қол жеткізілді.

«Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасауға бағытталған 36 әрекеттің жолы кесілді», – дейді спикер.

Бұдан бөлек, интернет кеңістігін қауіпсіз ету мақсатында 4 320 жалған хабарландыру мен заңсыз интернет-ресурсты бұғаттауға ұсыныс жолданды.

Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу — интернет-алаяқтықтың алдын алудың басым бағыттарының бірі.

Азаматтардың алаяқтықтан сақтану жөніндегі ақпараттылығын арттыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджеріндегі тұрғындар чаттары кеңінен қолданылып келеді.

Халықпен тікелей өзара іс-қимыл жасау мақсатында адамдар көп жиналатын орындарда 35 профилактикалық акция өтіп, азаматтармен 650 кездесу ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, 24 мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылып, тұрғындардың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған 412 дәріс өткен.

Елордада жастарды заманауи алаяқтық түрлерінен қорғау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді.

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында интернет-алаяқтық тақырыбына арналған эссе байқауы ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты — IT-қылмыстардың алдын алу және цифрлық сауаттылықты дамыту болды.

Банк картасының деректемелерін, банк шоттары мен SIM-карталарын бөгде адамдардың пайдалануына жол бермеу қажет.

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, әр адамның сақтығы мен жауапкершілігі өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарты екенін есте ұстаған жөн.

Қарапайым цифрлық қауіпсіздік қағидаларын сақтау қаржылық шығындар қаупін айтарлықтай азайтады», – деп Сакен Алауханов сөзін қорытындылады.