Астанада жылу беру маусымына дайындық жүріп жатыр
Фото: Акимат Астаны
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында елордада жылу беру маусымына дайындық жүріп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Күз-қыс кезеңін тұрақты әрі қауіпсіз өткізу – қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан елорданы жылыту маусымына дайындау жұмысын көктемнен бастап қолға аламыз. Бұл ретте жылу энергетикасы кешенін жөндеп, жаңғыртумен қатар, инженерлік инфрақұрылымның ірі нысандарын салу жұмысын да жүргізіп жатырмыз.
Биыл ЖЭО-1-де 10 қазандық пен 3 турбинаны, ал ЖЭО-2-де 14 қазандық пен 6 турбогенераторды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, жылу желілерінің 7,5 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, реконструкциялаймыз. Сол сияқты, 67,4 км әуе және кабель желісін, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пунктін, электр желісі инфрақұрылымының өзге де нысандарын жөндеу көзделіп отыр.
Сонымен қатар, қаланың қарқынды дамуын ескере отырып, қажетті жағдай жасауға бағытталған бірқатар ірі нысанды жүзеге асырып жатырмыз. Мәселен, «Телман» газ жылу станциясының құрылысы жүріп жатыр. Нысанның жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болады, оны биыл іске қосу жоспарланған.
Сондай-ақ, ЖЭО-2-нің су жылытатын қазандығын кеңейту және реконструкциялау жұмысын жүргізіп, №7 және №8 су жылытатын қазандықтарды орнатамыз. Бұл жұмыс жылу қуатын сағатына 360 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтарды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, бекітілген бас жоспарға сәйкес, «Оңтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станцияларын кеңейту бойынша жобалау-іздестіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Екі нысанның жалпы жылу өндіру қуаты сағатына 940 Гкал болады.
Бұл жобалардың барлығы инженерлік инфрақұрылымның жылу өндіру қуатын арттырып, қажетті резерв қалыптастыруға ғана емес, қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін арттыруға да мүмкіндік береді», – деп жазды қала әкімі.