«Астана – есірткісіз қала!»: Қайрат Нұртас концертінде ауқымды профилактикалық акция өтті
Фото: Акимат Астаны
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттау және «Астана – есірткісіз қала!» кешенді жоспарын іске асыру аясында Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарының алдын алу басқармасы қазақстандық танымал әнші Қайрат Нұртастың концертінде ауқымды профилактикалық акция өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шара басталар алдында және концерт барысында полиция қызметкерлері волонтерлермен бірлесіп, түсіндіру жүргізіп, есірткіге қатысты қылмыстың алдын алуға арналған ақпараттық материалдар таратты және заң талаптарын сақтау қажеттігін еске салды.
Іс-шараға қатысушыларға есірткінің заңсыз айналымы және басқа да есірткіге қатысты қылмыстар туралы хабарлауға болатын байланыс деректері көрсетілген парақшалар да таратылды.
Акцияға Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары да белсенді қатысты. Олар елорда тұрғындары мен қонақтарын қарсы алып, тәртіп ережелерін сақтауға, өзгелерді құрметтеуге және қаладағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосуға шақырды.
Бұқаралық мәдени шаралар кезінде профилактикалық акциялар өткізу полицияға көп адамды, әсіресе жастарды қамтуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік маңызы бар ақпаратты осындай шараларда қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге болады. Бұл полиция мен тұрғындар арасындағы байланысты жақсартып, есірткіге қатысты қылмыстың салдары туралы ақпараттандыруға және қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.
Елордадағы қоғамдық және мәдени орындарда профилактикалық акциялар «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Астана – есірткісіз қала!» кешенді жоспары аясында жалғаса береді.
#законипорядок #заңментәртіп