---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://optimism.kz/2026/10/06/pedagog-maertebesi-men-bilim-sapasy-astanada-ustaz-ajtsa-dialog-alangy-oetti/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Педагог мәртебесі мен білім сапасы: Астанада «Ұстаз айтса» диалог алаңы өтті

![Педагог мәртебесі мен білім сапасы: Астанада «Ұстаз айтса» диалог алаңы өтті](https://optimism.kz/app/uploads/2026/10/9f81aed1c7c799e2198bba5c6b80a374c7fe20d30e7c83fb1ffb1a54fd74a872_original-122272.jpeg)

Фото: Акимат Астаны

Астанадағы №101 жалпы білім беретін мектепте «Ұстаз айтса» атты диалог алаңы өтті. Кездесу барысында педагог мәртебесі, білім сапасы, дарынды балаларды қолдау және білім беру саласының болашағы талқыланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараны «Әділет» партиясының өкілдері ұйымдастырды. Диалог алаңының дәл №101 мектепте өтуі де символдық мәнге ие. Елордалық білім ордасы оқушыларының жоғары жетістіктерімен, білікті педагогтерімен және ұйымшыл ұжымымен танымал.

Құрылтай депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов ұстаздың адам өміріндегі ерекше рөліне тоқталды.  
«Біз мектептегі сабақтардың егжей-тегжейін ұмытуымыз мүмкін. Бірақ ұстаздың бізге берген алғашқы мүмкіндігін, өзімізге сенуге алғаш рет көмектескенін ешқашан ұмытпаймыз», – деді депутат.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес білім беру саласын қолдауға бағытталған ауқымды шаралар іске асырылды. Бұл ретте педагог мәртебесін арттыру жұмысы жүйелі түрде жалғасып, шешімдер мұғалімдер қауымының пікірін ескере отырып қабылдануы маңызды.

Кездесуде PISA зерттеуінің нәтижелері де айтылды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандық оқушылардың 86%-ы мұғалімдер тақырыпты оқушы толық түсінгенге дейін түсіндіретінін атап өткен. Бұл – педагог еңбегіне берілген жоғары бағаның бірі.  
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқаулардағы жетістіктеріне тоқталды.

2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауда 1059 медаль және 57 арнайы жүлде иеленген. Қазақстан робототехникадан әлемнің төрт дүркін чемпионы атанып, химиядан халықаралық олимпиадада үш рет чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ал халықаралық физика олимпиадасында ел құрамасының барлық бес мүшесі алтын медаль жеңіп алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.  
«Әрбір осындай жеңістің артында баланың таланты мен орасан еңбегі тұр. Бірақ оның жанында әрдайым қабілетін дер кезінде байқап, қолдау көрсетіп, әлеуетін ашуға көмектесетін ұстазы болады. Сондықтан оқушыларымыздың жетістігі – педагогтеріміздің де жетістігі», – деді Жайық Шарабасов.  
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев әр баланың өзіндік ерекшелігі бар екенін атап өтті.  
«Әр бала – ерекше әлем. Нағыз педагогтің міндеті – сол әлемге апаратын өз кілтін табу. Мұғалім өзгелер байқамаған талантты көріп, дер кезінде жылы сөз айтып, балаға сенім мен үміт сыйлауы керек», – деді ол.

Іс-шараға Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева, Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы, білім беру саласының басшылары, педагогтер және қоғам өкілдері қатысты.

Кездесу барысында №101 мектеп педагогтерінің еңбегіне жоғары баға беріліп, бірқатар ұстаз марапатталды.  
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Алғыс хатымен Ұлжан Ысқақова, Сая Қалибаева, Мейрамкүл Болатова, Эльмира Шауенова және Алмагүл Нұрғалиева марапатталды.

«Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Айбарша Ещанова наградталды.  
Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбековтің Алғыс хаттары Алтынкүл Мәжитоваға, Айжан Имантұмуповаға және Назерке Боранбайқызына табысталды.  
«Ұстаз айтса» диалог алаңы мұғалімдердің пікірін тыңдап, олардың ұсыныстары мен мәселелерін ашық талқылауға мүмкіндік берді.

---

Опубликовано: 2026-10-06T11:41:10+05:00

Обновлено: 2026-10-06T11:41:10+05:00

Авторы: [ИА Оптимизм](https://optimism.kz/author/optimizm/)

Рубрики: [Общество](https://optimism.kz/category/obshhestvo/)

Метки: [Астана](https://optimism.kz/tag/astana/)

---

HTML-версия этой страницы доступна по адресу: https://optimism.kz/2026/10/06/pedagog-maertebesi-men-bilim-sapasy-astanada-ustaz-ajtsa-dialog-alangy-oetti/

---

При использовании этого материала ссылка на источник обязательна.

---

[Optimism.kz](https://optimism.kz/) — новости Казахстана.

Публикуем последние новости из мира бизнеса и экономики, события в политической жизни, экономические прогнозы, собственную аналитику, рейтинги и обзоры. Слоган: «Живи с оптимизмом».