Фото: Акимат области Жетісу
Бүгін облыс орталығы Талдықорған қаласында «Таза қала Талдықорған» акциясы өткізілді. Оған 100-ден астам тұрғын мен волонтерлар қатысты. Акцияға қатысушылар қаладағы Астана мен Балапанов көшелерінің бойына 200 түп ағаш отырғызды. Көшелер, арықтар мен жолдардың маңайы тазаланды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы осы күні тазалық шаралары облыстың барлық аудан, қалаларында да жалғасын тауып, шараға тұрғындармен қатар барлық мекеме-ұйымдар, түрлі сала қызметкерлері атсалысқанын жеткізді.
Ал облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, бүгінгі күні облыс бойынша 82 тонна қоқыс шығарылып, 83 техника жұмылдырылды. Экологиялық шараға қатысқан адамдар саны 3830-ден асты.
Акция бастау алғаннан бері Жетісу облысы аумағында 40 719 адамның белсене атсалысуымен 1650 тонна қоқыс шығарылып, 470 арық желілері тазартылды.
Еске салсақ, республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 6 сәуірде басталған болатын. Экологиялық науқан өңірлерді абаттандыру, тұрғындарды тазалыққа шақыру, киелі, тарихи мекендерде тазалық жұмыстарын жүргізуді мақсат етеді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді облыстық қоғамдық даму басқармасы ұсынды.