ӨНЕР МЕРЕКЕСІНІҢ СӘТТІ ӨТУІ ТЕК САХНАДАҒЫ ТАЛАНТТАРҒА ҒАНА ЕМЕС, СОЛ ӨНЕРДІҢ ТЫНЫСЫН ҮЙЛЕСТІРІП, ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҰЖЫМНЫҢ ЖҰМЫСЫН ЖҮЙЕЛЕЙТІН МАМАНДАРҒА ДА ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТЫ. ОЛАР КӨРЕРМЕН КӨЗІНЕ ЖИІ ТҮСЕ БЕРМЕСЕ ДЕ, МӘДЕНИ ӨМІРДІҢ ТАМЫРЫН ҰСТАП ТҰРҒАН НАҒЫЗ ЕҢБЕК АДАМДАРЫ. БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ ДӘЛ ОСЫНДАЙ «КӨРІНБЕЙТІН МАЙДАННЫҢ» БЕЛ ОРТАСЫНДА ЖҮРГЕН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – Ғ. ҚҰРМАНҒАЛИЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША ОРЫНБАСАРЫ СӘУИЯ ТЕМІРОВА.
Жарқ-жұрқ еткен сахна шамдары, сән-салтанатпен киінген өнер адамдары, жүрекке жететін әуен… Көрермен назары көбіне осы әсем көріністерге ауады. Көркем безендірілген залда қалықтаған сазды әуен жан дүниені тербеп, адамды ерекше күйге бөлейді. Әр концерт сайын шырқалған ән мен төгілген күйге сүйсінген жұртшылықтың ыстық ықыласы шапалақ үніне ұласып, өнер иелеріне деген құрмет пен алғысқа айналады. Сол сәтте сахна мен көрермен арасындағы көзге көрінбейтін рухани байланыс орнайды. Алайда көрерменге ұсынылатын осы бір жарқын сәттердің артында қыруар еңбек, тынымсыз дайындық, көзге көрінбейтін үлкен ұйымдастырушылық жұмыс жатқанын көпшілік біле бермейді. Сахна шымылдығы ашылғанға дейінгі әр минут жауапкершілікке толы еңбек. Дыбыс пен жарықтың үйлесімі, әртістердің дайындығы, техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстардың мінсіз орындалуы, мұның бәрі сахна сыртында маңдай терін төгіп жүрген жандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Біз Сәуия Тілегенқызымен әңгімемізді алғашқы еңбек жолынан бастадық.
«АЛҒАШҚЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫМЫЗ АУЫЛДАН БАСТАЛДЫ»
Кейіпкеріміз Сәуия Тілегенқызының негізгі мамандығы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол Орал қаласындағы педагогикалық институтты тәмамдап, еңбек жолын ауыл мектебінде бастайды. Қазақ күресінің оғланы атанған жұбайы Оралбек Қожагелдинмен бірге Сырым ауданына қарасты Қособа ауылындағы Жырақұдық орта мектебінде жас маман ретінде қызмет атқарған жылдары оның өмірінің әң әдемі сәттері еді.
– Алғашқы еңбек жолымыз ауылдан басталды. Жас едік, бар ынтамызбен жұмыс істедік. Мұғалім мамандығы ол кезде ерекше құрметке ие еді. Ата-ана да, оқушы да мұғалімді сыйлап тұратын. Бір жағынан, мұғалімінің қадірі бар кезінде еңбек еткеніме қуанамын, –дейді сол жылдарды еске алған Сәуия Тілегенқызы.
Ауылда еңбек етіп, тірлік кешкен жылдар жас отбасының өмірлік тәжірибесін қалыптастырып, еңбекке төзімділікке баулиды. Жеті-cегіз жылдан соң ол жұбайының жұмыс бабымен Орал қаласына көшіп келеді. Әртүрлі қызметте еңбек етіп, отбасы жағдайына байланысты біраз уақыт бала тәрбиесіне ден қояды. Кейін жеке кәсіппен айналысып, қожалық құрып, еңбек етудің тағы бір мектебінен өтеді. Өмірдің бұл кезеңдері оны шыңдап, адамдармен тіл табысудың, жауапкершіліктің, шыдамдылықтың не екенін үйретті. Осы жылдар ішінде жұбайының өмірден ерте кеткені кейіпкеріміз үшін ауыр соққы болды. Дегенмен ол қиындыққа мойымай, сүйген жарының аманаты болған ұл-қыздарын өсіріп, жетілдіріп-жеткізіп, еңбек жолын жалғастырды. Бүгіндері ұлын ұяға, қызын қияға қондырған кейіпкеріміз тәтті немере-жиендердің әжесі.
ӘКІМГЕРЛІКТЕН БАСТАЛҒАН БАСПАЛДАҚ
Кейіпкеріміздің мәдениет саласына келуі де қызық. 2015 жылы облыста ақын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ашылатыны туралы хабар тарағанда Сәуия Тілегенқызы осы салада еңбек еткенді жөн көреді. «Бұрын мәдени шараларға барғанда демалып, қайтатынмын. Оның сыртында үлкен еңбек жатқанын, сән-салтанаты бөлек концерт залдарының ішкі тіршілігі мүлде басқа әлем екенін кейін түсіндім», – дейді ол.
Осылайша ол Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының әкімгері болып, мәдениет саласындағы еңбек жолын бастайды. Айлығы көп емес, жауапкершілігі ауыр жұмыс. Бірақ дәл осы жерде ол өз орнын тапқанын сезінеді. Мәдениет орталығының ашылу салтанатында қазақ руханиятының алыптарын көруі оның өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Әбіш Кекілбаев, Мереке Құлкенов, Көпен Әмірбек, Жүрсін Ерман тағы басқа көптеген танымал тұлғалармен жүздесу – рухани байлықтың жаңа кезеңін ашқан сәт еді. «Алғашқы күні-ақ өзіме: бекер таңдамаған екенмін, дәл өз орнымды таптым дедім», – дейді кейіпкеріміз.
Көрермен концерттің жарқылын ғана көреді. Ал әкімгер үшін жұмыс таңертең басталып, түн ортасында аяқталады. Сахна құрылып, жарық тексеріледі, әртістер кезегі реттеліп, көрермен қабылданады. Концерт біткен соң да жұмыс тоқтамайды. «Әуелден өзіме ұйымдастыру жұмыстары ұнайды. Бір істі бастап, жұп-жұмыр етіп аяқтау, адамдарды біріктіріп, бірге жұмыс жасап, нәтижесін көру, керемет сезім ғой» – дейді ол.
Кейіпкеріміздің мәдениет саласындағы еңбек жолы әкімгерліктен басталып, директордың орынбасары қызметіне ұласты. Бүгіндері ол үш жүзге жуық қызметкері бар Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония директорының жалпы мәселелер бойынша орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.
«ӨНЕР АДАМЫ – ӨЗГЕШЕ ӘЛЕМ»
Сәуия Тілегенқызы өнер адамдарымен жұмыс істеудің өзіндік қыр-сыры бар екенін жасырмайды. Оның айтуынша, шығармашылық орта тек талант пен шабыттың ғана емес, нәзік сезім мен ерекше көңіл күйдің де мекені.
– Өнер адамы нәзік келеді. Кейде тез ренжиді, кейде ерекше көңіл күйде болады. Сондықтан олармен әр сөзді ойланып, абайлап сөйлескен дұрыс, – дейді ол.
Шынында да, сахна сыртындағы қызмет тек ұйымдастыру жұмыстарының жиынтығы емес. Бұл – адамдардың жан дүниесін түсіну, әр мінезге лайық тіл таба білу, шығармашылық ұжымдағы үйлесімді сақтай алу өнері. Әр концерттің сәтті өтуі тек техникалық дайындыққа емес, ұжым ішіндегі ұйымшылдыққа, сенім мен түсіністікке де байланысты. Көпшілікпен жұмыс істеу де оңай шаруа емес. Үлкен концерттер мен мәдени кештер кезінде көрермендердің бірі ризашылығын білдіріп, алғыс жаудырып жатса, енді бірі көрсетілген қызметке көңілі толмай, ренішін ашық жеткізіп жатады. Кешіккен көрермендер, белгіленген тәртіпке бағынғысы келмейтіндер, әртүрлі талап қоятын адамдар да кездеседі кейде. Осындай сәттерде сабыр мен салқынқандылық басты құралға айналады.
– Мәдениет саласы маған ең алдымен сабырлы болуды үйретті. Бұрын көңілге алатын жағдайларға қазір байыппен қараймын. Ең бастысы – жұмысым өзіме ұнайды, – дейді ол.
САХНА СЫРТЫНДАҒЫ САН САЛАЛЫ ЖҰМЫСТЫ ҮЙЛЕСТІРІП, ӨНЕР ҰЖЫМЫНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН ЖҮЙЕЛЕП ЖҮРГЕН КЕЙІПКЕРІМІЗ МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МОЛ ҚЫЗМЕТІН ОН ЖЫЛДАН БЕРІ АБЫРОЙМЕН АТҚАРЫП КЕЛЕДІ. ӘР СӘТТІ ӨТКЕН КОНЦЕРТТІҢ, ӘР ӘСЕРЛІ КЕШТІҢ АСТАРЫНДА ДӘЛ СӘУИЯ ТІЛЕГЕНҚЫЗЫ СЕКІЛДІ КӨРІНБЕЙТІН МАЙДАННЫҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ КӨП ЕКЕНІН КӨРЕРМЕНДЕР ЕСКЕРІП ЖҮРСЕ ДЕЙМІЗ.





