Уақыт пен кеңістікті көзбен көру мүмкін емес, бірақ сезінесің. Кеңістік құдды бір сұлбап жатқан қарита іспетті. Адамзат жаратылғаннан бері (біздіңше) талай замананы бастан кешірді. Әр дәуірдің өзіне тән идеалдары, талаптары, адамзат алдына қойған міндеттері болды.
Бұл ғаламзат дамуының да алғышарты болатын. ХХІ ғасырда – ой сайысы басталды. Табалдырықтан аттаған 2000 жылдан бері тарлан технологияның тартыс пен бәсекеге түсіп жатқанын көзіміз көріп келеді. Өзіміз де сол талапқа лайықтала бастадық. Өйтпесек – даму жоқ. 2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялады. Мақаланың бағыты – жаңа Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастыру, әлбетте – білім және ғылымға күш салу. Қазір ой жарыстыратын заман болғандықтан, өткен ғасырдың таптаурындары біртіндеп бізден алшақтады. Бірақ ұмытылмаған сыңайлы. Осы орайда Елбасы бірнеше даму бағыттарын ұсынды. Ол қатарда қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі, қазақ тіліне 100 кітаптың аударылуы, «Туған жер» бағдарламасы, «100 жаңа есім» жобасы, «Қазақстан киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы қазақстандық мәдениет». Елбасының Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық тұрғыда даму тұжырымында ғылым мен білімнің алға шығуы, білімді жастардың көш бастауы басты міндет саналды. Аталған даму бағыттарының ішінен «Жаңа гуманитарлық ғылым. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық бағдарламасының» маңызы ерекше. Осы бағдарлама барысында әлемнің ең үздік деп саналатын 18 оқулығы қазақ тіліне аударылды. Қазақ тіліне аударылатын кітаптарды іріктеп, бағамдауда арнайы комиссия құрылып, Жоғары оқу орындарының да ұсынысы ескерілген болатын. Бүгінде қазақ тілінде сөйлеген 18 оқулық кітап баспаларынан басылып шығып, оқырман қолына тиіп жатыр. Әсіресе, жастардың бұл кітаптарға деген қызығушылығы көңіл қуантады. Кітаптарды электронды оқу мәселесі де қарастырылған. Ол үшін отандық kitap.kz порталына тіркеліп, 100 жаңа оқулық айдарына өтсеңіз жеткілікті. Бұл аударылған кітаптар сапында Патрисия Уоллейстің «Интернет психологиясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Гомбрих Эрнстың «Өнер тарихы», Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психология», Б.Жейсон, Г.Никола, Т.Лиздің «Медиа және журналистика» т.б үздік ғылыми-сараптамалық кітаптары бар. Мәселен, Э.Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психология» еңбегі қазіргі заманда таптырмас ғылыми еңбек. Кітаптың сыртқы мұқабасында «social animal» атты жазу тұр. Осы жазудың өзі-ақ біраз дүниені аңғартқандай. Адамның іс-әрекеттеріне, ойлау жүйесіне қозғау салып, адам баласының өзі ұғынатын саналы және өзінен тыс бейсаналы әрекеттерін жіпке тізгендей бағамдап беретін бұл кітаптың қазір психология, психоаналаитика саласымен айналысатындарға ғана емес, жалпы өзіне тұлға ретінде дамытқысы келетін кез келген жанға үлкен сеп болары анық. Сондай-ақ Париж универсиетінің профессоры Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты талдауы ой-сананы жаңғыртады. Неге? Философия өз бастауын ежелгі Грекиядан алып, Еуропаны шарлап, қаншама адамзаттық ұлы идеялар мен күштерге қозғау салған ғылым. Осы орайда қай ұлтта философия жасалды, сол даму жолына түсіп отырды. Қазіргі уақытта аталған философтардың еңбегінің арқасында демократиялы қоғам құру, өнерді дұрыс түсіну, тілдің маңызын ұғыну және жаңа технологиялық прогреске жол ашу сынды негізгі аспектілерге адам баласы қол жеткізіп отыр. Философияның қазақ тілінде сөйлеуі сол себептен де көңілге қуаныш ұялатты. Сондай-ақ бұл қатарға Дерек Джонсонның «Философияның қысқаша тарихын» жатқыза аламыз.
Бұған дейін қазақ қоғамында әдебиетке қалыпты көзқарастың барын білеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросы АҚШ-тағы Темпл университетінің профессорлары Майкл Райан мен Джули Ривкиннің «Әдебиет теориясы» атты ғылыми-талдамалалық еңбегінің 5 томдығын тәржімалап, қалың оқырманға ұсынды. Әдебиеттің пәлсапамен байланысы, жалпы әдебиет не, оның психоаналитикамен байланысы тағы басқа да тұстарын жаһанда үздік саналатын әдеби туындылар негізінде түсіндіру үлкен еңбек. Осы орайда аталған 5 томдықты өте сауатты, жан-жақты аударып шыққан Ұлттық аударма бюросына да алғыс білдіруіміз керек деп санаймын. Сондай-ақ лингвистика саласында ой қозғайтын швед ғалымы Торе Янсонның «Тіл тарихына кіріспе» еңбегін де тілге тиек еткім келеді. Жалпы осыған дейін біздің қоғам тілге қандай сипат берді, тілді әркім қалай қабылдады, ол туралы ойланды ма деген сауал туады. Бұл еңбекте тілдің өткен ғасырлармен жалғасқан тарихы, экспансия тілдері, тіл арқылы мәдениет қалай жасалды, неліктен тіл экспансияда эффективті құрал саналды сынды сауалдарға жауап тауып қана қоймай, қазіргі басым тілдердің (ағылшын, неміс, француз т.б) алдағы болашағы қалай, жүз жыл, 2 миллион жылдан кейін не болады деген біз үшін жауабы көмескі қалған талай сұрақты сөйлетеді.
Сонымен қатар қазіргі мобильді адамға қажет «Ұйымдық мінез-құлықтың негіздері», «Педагогиканы цифрлық дәуірде қайта зерделеу», «Менеджмент», «Қазіргі бизнес коммуникация», «Маркетинг негіздері», «Стратегиялық менеджмент негіздері» сынды т.б оқулықтар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Әсіресе бұл оқу құралдары ЖОО студенттері үшін таптырмас еңбектер. Аталған еңбектер белгілі бір мемлекеттің ауқымында ғана емес, жалпы әлемдік кеңістікте ойлау жүйесін қалыптастырып, ұлттық сана мен адамзаттық санаға қозғау салады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Жаңа гуманитарлық ғылым. Қазақ тілінде 100 кітап» бағыты өте жемісті басталды деп санаймын. «Google» компаниясының басшылығы жұмыс жемісті болу үшін адамдарға басқаша жағдай жасау керек деген қағиданы ұстанады екен. Қазіргі заманда интернет желісінің драйвері болып отырған компанияның осы ұстанымы ой салатындай-ақ. Шындығында, қоғамды өзгерту деген ұғым біз үшін тым қалыпты көрінуі мүмкін. Бірақ ғылым мен білімнің күші телегей-теңіздей-ақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған 18 кітаптың тұтас бір қоғамның өзіндік ойлау болмысына әсер етіп, кез келген тұлғаның өзіндік даму жолына қосар үлесі зор деп білемін.
Олжас Беркінбаев