Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Алтай» тасжолын қар көшкіні басып қалған.
«22 қаңтарда «Өскемен-Алтай» тасжолының 64-ші шақырымындағы 350 текше метр жерді қар көшкіні басқан. Осының салдарынан жол жартылай жабылып қалды. Қазіргі уақытта «Казақавтодор» ЖШС қар тазалау жұмыстарын жүргізуде» деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған дейін құтқарушылар 20-26 қаңтар аралығында қар көшкіні қаупі бар екендігін ескерткен.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, 23 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысында қар жауып, көктайғақ болады. Сондай-ақ, екпіні секундына 28 метрге дейінгі жел соғады деп күтілуде.