Жарық дүниенің есігін ашқан әрбір адамның өмір атты әлемде өз орнын тауып, сәл де болса қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып, халықтың перзенті болуымен қатар, шексіз сүйген мамандығы бойынша қызмет ете жүріп, абырой биігіне көтерілу – міндеті.
Арман атты тұлпарды тақымға қысқанымен, жеңіс атты мәреге жету жолында қанша қамшыласа да, тағдырыңа жазбаса, бәрі бекер. Пендесіне қабілет пен дарындылықты берген Алла, еңбегіне қайрай сыйын да дайындап қояды. Ол – халықтың алғысы, көмек көрсеткен адамның жүзіндегі айтқызбай-ақ оқуға болатын риясыз сезімі. Міне, осындай құрметтеуге лайықты, жүрек түкпірінде мейірім көлі тұнып тұрған, талай сәбидің шат күлкісіне себеп болып жүрген логопед-дефектолог мамандарымыздың бірі – Қойбағарова Дидар Қожагелдіқызы.
Ата-анасы асыға күткен сәбидің дені сау болып, жарық жалғанда көз қуанышына айналғаны – дүниенің асылы екендігінде дау жоқ. Ал, сол көп күткен шаттықтың орнын шымбайға батар дерт алмастырса ше? Қатарынан кем болмасын деп шырылдаған ата-ананың мұңын мұндайда кім бөліседі? Иә, мұндайда көмек қолын созатын мамандар бар. Сол мамандардың бірегейі – логопедтер.
«Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз. Даңқым шықсын десеңіз, көпшіліктің адамы болыңыз», – деп ұлы ғұлама, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби айтқан болатын. Логопед маманы Дидар Қожагелдіқызы 1987 жылдың 8 мамырында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданында, Бұлдырты ауылында дүниеге келді. Тарих тасын төңкеріп қалсаң сайрай жөнелетін құтты мекенде бақытты балалығын өткізген өрен Бұлдырты жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттайды.
Мектеп – болашаққа бет бұрған өреннің жолына жарық нұрын шашып, адами асыл қасиеттерді шәкірт бойына сіңіре білетін, бала қабілетінің бұлақ көзін ашатын киелі мекен. Дидар осы бір талай сұңқардың қанатын қомдаған білім ордасында жүріп, таным қауашағына білімнің нұрлы сәулесін септіріп, мектептің қоғамдық өмірімен етене араласты.
Оқуда озат, қатарластарының көшбасшысы, мектебінің мақтанышы, ұстаздарының сүйікті шәкірті болған Дидар – табиғатынан белсенді, жан-жақты, ізденімпаз жан. Үнемі қозғалыста болып, жаңаны үйреніп, жаңашылдыққа батыл қадам басып, көппен араласып кететін көпшілдігімен де өз ортасына сіңімді. Сөз саптауы, сұраққа сауатты жауап бере алатыны, әр нәрсенің парқын біліп, түсінетіндігі, үлкенді де, кішіні де сыйлай білетін мінезіне мектептегі ұстаздары да, сыныптастары да сүйсініп, тәнті болатын. Өзіне ғана тән биязылығы мен сыпайылығы, батылдығы, қайсарлығы бар. Бір істі бастау үшін басқадан көмек күткенді ұнатпайды. Қандай істі болмасын өзі бастап, аяқтауға ұмтылып тұрады. Айтқан сөзіне аса мән беретін ол босқа уәде беруді ұнатпайды. Болатынын не болмайтынын бетке айтатұғын қасиеті де бар. Мейірімді, тіпті шектен тыс қамқорлық жасауға бейім жан.
Бала күнінен бойында осындай қасиеттері бар Дидар білім ордасынан түлеп ұшқан соң тесттік алғашқы реформадан өтіп, 2004 жылы Ж.Досмұхамбетов атындағы педагогикалық колледжге «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығына оқуға түседі. Қандай ортаға барса да еркін араласып, қоғамдық өмірмен біте қайнасып кете беретін Дидар колледжді тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебінде бастайды. Ұстаздық – ұлы міндет. Түрлі баланың бойында жасырынып жатқан қабілет бұлағының көзін ашып, шабамын деген жігітке ат, жанамын деген жүрекке от беру үшін де тереңірек білім, таусылмайтын төзім мен таңдаған мамандығы бойынша тәжірибе керек. Оның үстіне күн санап өзгеріп, дамып жатқан бүгінгі заманда жоғары білім бірінші орында болуы керек.
Мектепте жұмыс жасай жүріп, білімін одан әрі М.Өтемісов атындағы университетінде жалғастырған Дидар Қожагелдіқызы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің» мұғалімі мамандығын игеріп шығады. Осылайша еңбек арқаны 2009 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданы, Трекин орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып жалғасып, өріліп кете береді.
Көкірек көзін тауып үңіле білсең, әрбір адамның ішінде өзіндік ерекше қабілеті бұғып жатады. Уақыт өте келе ұзақ жыл ұстаздық еткен Дидар Қожагелдіқызы Ресейдің Мәскеу қаласындағы Педагогика және психология Халықаралық Академиясында логопед-дефектолог мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, 2016 жылы «Super start» балалар дамыту орталығында басшы әрі логопед-дефектолог маманы ретінде балаларды қабылдайды. Білімін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Арнайы педагогика» мамандығы бойынша жалғады. Көңілі қалаған істі қолға алып, өзі сүйген мамандықпен жұмыс істеу – жұмыр жүректі пенденің арманы емес пе?! Сезімталдығы басым сәби күлкісінен өмірге деген құлшынысы артқан кейіпкеріміз – 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Өзі ұнататын жұмыстың қыр-сырын меңгеруге талпына түсті. Ең әуелі «Логопед кім?» деген сұрақтың жауабын іздесек, ол – ғажап мамандық иесі. Біріншіден, адам жанын емдеуші, тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұғынушы. Екіншіден, балаларды әрдайым назарда ұстап, жандарына қамқорлық арқылы жылу беруші. Үшіншіден, даму мүмкіндігі шектеулі немесе түрлі санаттағы балалармен тіл табысып, оларға өмірдің бағытын нұсқаушы. Міне, осындай жауапты саланы меңгерген Дидар Қожагелдіқызы бүгінгі күнге дейін абыройлы қызмет етіп келеді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды түзете-дамыту мен ата-аналарды психологиялық қолдау жұмысына да ерекше көңіл бөлетін Дидар Қожагелдіқызы – өз қызметіне аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын, арнайы білім беру саласының әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген, тәжірибесі мол маман, шығармашыл ұстаз. Қазіргі таңда «Super start» балалар дамыту орталықтарының басшысы.
Дефектология – жаңадан тұсауын кескен сәбидей, отандық ғылымда алғашқы қадамын енді бастап келеді. Тоғыз ай, тоғыз күн жүрегінің астында болған ананы, алаңға шығып баламмен бірге ойнаймын деп үміттенген әкені сәбиінің ауыр дерті шарасыз халге түсірері хақ. Ойын ойнап, өздігінен тәттілерді жеу тұрмақ, бір орнынан қозғалуы мұң болған балаға осы кезде дефектолог маманның көмегі ауадай қажет. Арнайы маманға үлкен үміт артып, жаны сыздаған ата-ананың бетін қақпай жақын тартып, мүмкіндігі шектелген баланы ең әуелі әлеуметтік-тұрмысқа бейімдеп, өз-өзіне қызмет етуді үйрететін педагог дефектологиялық оқыту мен тәрбиелеу жұмысын қатар алып жүреді. Мұғалімнің оқушы алдындағы жауапкершілігі үлкен болса, дефектологтың жауапкершілігі одан он есе зор болмақ. Өз ісіне адалдығы мен қажырлы еңбектің арқасында зақымдалған мүшенің орнын басқа анализатор арқылы толтыру – дефектологтың түзете-дамыту жұмысының нәтижесі. Дефектологиялық қызмет дүние жиып, байлық қуғандардың ісі емес. Сүрінгенге сүйеу болар, жабырқағанның жан жарасын жеңілдететін шипалы мамандық. Үлкен еңбек пен төзімділікті талап ететін бұл мамандықтың ісі жауапкершілік пен мейірімділікке ұштасады.
Дидар өз ісіне адалдығы мен қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетті. Логопед – дарынды мұғалім мен тәжірибелі дәрігерді біріктіретін адам. Дидар Қожагелдіқызы – адам жанын емдеп қана қоймай, тіл мүкістігі бар шарасыз жандардың көзі мен көңілінен жанын ұға білетін ерекше маман иесі. 2020 жылдан бастап Қазақстан Республикасы бойынша педагогтар мен психологтар қауымдастығының БҚО бойынша өкілі.
Қорыта айтқанда, мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет. Ол үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін еңбек. Кімде кім өзінің мамандығын сүйіп, жүрек қалауымен қызмет етсе, өз басына да, қоғамға да үлкен пайда әкелері анық.
– Орталықта балаларды сабаққа қабылдаумен қатар логопед-дефектолог мамандарға оффлайн форматта тәжірибе және теория негізінде білім жетілдіру курстары жүргізіледі. Мамандарға білім жетілдіру курстарын, байқаулар, оқушылар мен балабақша тәрбиеленушілеріне арналған байқаулар онлайн және оффлайн форматта ұйымдастырып келеді. «Super start» балалар орталықтарында 17 маман қызмет атқарады. Ерте жастан дамыту, мектепке дайындық, логопедиялық және дефектологиялық сабақтар өткізеді және қосымша үйірмелерге балалар тегін келеді. Биыл 1 маусымда орталыққа 6 жыл толды, – деп кейіпкеріміз қызметінен аз ғана хабар беріп өтті. Дидар Кожагелдіқызы отбасында аяулы жар, ардақты ана. Өмірлік жолдасы Жаңабаев Қайрат Қайдарұлы екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Бүгінде мамандық иесі шын жүрегімен еліміздегі ерекше балалардың танымын дамытып, қоғамға бейімдеу үшін жанын салып еңбек етуде. Конфуцийдің «Өзіңе ұнайтын жұмыс істесең, өміріңде бір күн де жұмыс істемегендей боласың» деген сөзі дәл кейіпкерімізге арнап айтылғандай. Ерекше балалармен ерекше жұмыс атқарып жүрген, ісіне адал жанның отбасына бақыт, қызметіне жемісті еңбек тілейміз.